Орман қорындағы жайылымдарды жалға беру туралы заңнаманы жетілдіру қажет – Жер комиссиясы

2021-04-10 12:18:14
Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалық етуімен Жер реформасы жөніндегі комиссиясының үшінші отырысы өтіп жатыр. Отырысқа Парламент депутаттары, облыс әкімінің орынбасарлары және қоғам белсенділері қатысуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жер реформасы жөніндегі комиссия Үкіметке орман алқаптарынан жайылымдар мен шабындықтарды жалға беру бөлігіндегі заңнаманы жетілдіруді ұсынды.

Қазақстандағы орман қорларының және ерекше қорғалатын аумақтардың алқаптары 41 млн гектарға жуық. Соның ішінде 10 млн гектардай арнайы жайылымға берілген жерлер. Экономикалық жұмыс тобының жетекшісі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, жергілікті билік бұл жағдайды тиімді пайдаланбай отыр.

«Орман қоры жерлеріндегі орман шаруашылығы үшін пайдаланылмайтын ауылшаруашылық алқаптарын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер санатына ауыстыру және жергілікті халықтың мал жаюы үшін сол жерлерді жалға беру мүмкіндігін кеңейту қажет. Орман қоры жерлерін азайтуға топ мүшелері қарсы болды. Өйткені Қазақстандағы орман алқабының үлесі бес-ақ пайыз. Керісінше, біз ормандарымызды сақтап, оның көлемін ұлғайтуымыз қажет», - деді комиссия мүшесі.

Алайда сарапшылар орман қорындағы жайылымдарды халықтың мал жаю үшін пайдалануына көп кедергі бар екенін атап өтті.

«Өкінішке қарай, жайылымдарды жергілікті халыққа жалға беру мәселелерінде бюрократия өте көп. Мемлекеттік органдар және жергілікті әкімшілік тарапынан бұл мәселелер тиісті деңгейде бақыланбайды. Біздің ұсынысымыз – халықтың жайылымдық жерлердегі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне орман алқаптарынан жайылымдар мен шабындықтарды жалға беру бөлігіндегі заңнаманы жетілдіру», - деді Ақылбек Күрішбаев.

Комиссия мүшелері бұл бастаманың соңы орман алқабына зиян келтірмеуі қажет екенін де ескертті. Қазіргі таңда мемлекеттік орман қорынан 2,7 млн гектар алқап жергілікті шаруаларға берілген. Оның 430 мың гектары ұзақмерзімді келісімшарт негізінде, яғни 49 жылға дейін беріледі. Ал қысқа мерзімге берілмейді. Тек жергілікті әкімдіктер 1 жылмен ғана шектеліп, тұрғындардың кәсібін кеңейтуіне кедергі болып отыр. Осыған байланысты комиссия мүшелері тарапынан тағы ұсыныс айтылды.

«Орман шаруашылығындағы 6,5 миллионды қайтару деген оңай емес. Негізгі мақсат - шаруаға, еңбек адамына жеңіл болуы керек. Бір жыл деген болмайды. 10 жылдың өзі қысқа мерзім болып есептеледі екен. Неге соны 20-25 жылға созбасқа? Сосын жергілікті атқарушы биліктер шешеді деп жазылған. Бұл жерде екі министрлік арасындағы қызығушылықты емес, еңбек адамына қалай жеңіл болады деген мәселені ойлау керек», - деді Қазақстан фермерлер одағының президенті Жигули Дайрабаев.