Шегiртке былтырғыдан 3 есе азайды

 

Назгүл Назарбекова, «Ońtústik Qazaqstan».

Биыл шегірткеден келер қауіп жоқ. Мұндай болжамды Келес ауданы, Бірлік ауыл округінде өткен «2019 жылы Марокко шегірткесіне қарсы күрес жұмыстарын ұйымдастыру, үйлестіру» тақырыбындағы семинарға жиналған сала мамандары нық сеніммен айтты.

 

Семинарға жиналған салаға жауапты мамандар, министрлік өкілдері алдымен шегіртке басу қаупі бар деген егістік алқаптарда болып, техникалардың дайындығымен танысты. Олардың қатарында ҚР АШМ вице-министрі Г.Исаева, «Фитосанитария» РМК бас директоры Р.Туманов және облыс әкімінің орынбасары М.Мырзалиев бар. Аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы күрес шараларын ұйымдастыру және үйлестіру мақсатында облыс әкімінің өкімімен штаб құрылған. Бұл басқосу – штабтың алғашқы отырысы. Аса қауіпті зиянкестермен күрес шаралары өңір басшысының да тікелей назарында.

Зерттеу жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде Түркістан облысында 83798 гектар жер өңделеді. Жалпы, шегірткелер жер бетіне 2 сәуірден бастап шыға бастапты. Бүгінде өңдеу жұмыстарына қажетті улы химикаттар толығымен өңірге жеткізіліп, техникалар да сақадай сай тұр. Бұл туралы ҚР АШМ агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті төрайымының орынбасары А.Марсұлы атап өтті. «Түркістан облысында шегірткенің 3 түрі болған. Азиялық, итальяндық және Марокко шегірткесі. Биыл тек Марокко шегірткесімен күресеміз. Қалған екеуі толық жойылды. Айта кетейік, сапалы химиялық өңдеулердің арқасында жылдан-жылға егістік алқаптарды шегіртке басу қаупі азайып келеді. Мәселен, өңірде химиялық өңделетін аймақ былтырғыдан 3 есеге кеміген» дейді Алмабек Марсұлы. Биыл шегіртке өңдеу шаралары үшін бюджеттен 74 млн. теңге көлемінде қаржы қаралып отырғанын да атап өтті.

Шегірткеге қарсы химиялық өңдеу шаралары биыл 10-12 сәуірден басталмақ. Мамандар күн жылы болса аптасына 1 жас қосып отыратын жәндікке химиялық өңдеу жоспар бойынша 2 жасынан басталуы тиістігін айтады. Себебі, олар жер бетіне толық шығып бітуі тиіс. Әдістемелерге сай жұмыс осылай жүреді. Алайда, күн райының бүгінде салқын болып тұруына орай шегірткенің даму кезеңі тежелуде. Жиында Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Н.Кашкенов өңдеу шараларын жүргізетін мердігерлердің анықталып, жұмысқа кірісуге дайын тұрғанын жеткізді. «Жалпы, облыстағы химиялық өңдеуге тиісті 83 798 гектар жердің 36 565 гектары Келес ауданының 10 ауылына тиесілі. Оның ішінде Бірлік, Жамбыл және Ақтөбе ауылдары шегіртке ең көп тараған аумаққа жатады. Болжам әдістемелік орталығы республикалық фитосанитарлық диагностика мекемесінен 90 анықтаушы, 44 автокөлік бөлінген. Мұнан өзге инспекция тарапынан 35 инспектор мен 17 химиялық дәрілерді бүріккіш техника қосымша жұмылдырылды. Арнайы құрылған штаб жұмысының аясында өңірдегі жұмыспен қамту орталықтарының тізімінде тұрған 185 адам осы шараларға қатысуда. Түркістан облысы бойынша 84 мың гектардың 51 мың гектарына пестицид келді. Бұл препарат шегірткемен күресте жүйелі түрде қолданылады. Пестицид себілген өсімдік жеген жәндік бірден өледі. Ал, 3-4 жастағы шегірткеге «комбат» дәрісі қолданылады. Ол 2 тәуліктің ішінде шегірткені жойып жібере алады».

Жиынды жүргізген облыс әкімінің орынбасары М.Мырзалиев Марокко шегірткесіне қарсы күрес жұмыстарын тиімді жүргізу мақсатында жергілікті атқарушы орган тарапынан барлық жағдай жасалатындығын айтты. Осы шараларға жауапты сала басшыларына жұмысты сапалы әрі уақтылы атқару үшін бірқатар тапсырмалар жүктелді.