Қызылордада коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған 30 адам анықталды

2020-03-28 12:50:34

Қызылордада 111 адам медициналық бақылауда. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді.

«Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олардың 87-і үй карантинінде. Ал 24-і провизорлық стационарда карантинге алынып, 14 күнге медициналық бақылауға алынды. Бүгінгі күні облыс бойынша коронавирустың нақтыланған бір жағдайы тіркелді. Бұл жағдай бойынша барлық сақтық шарасын қолдана отырып, науқас облыстық жұқпалы аурухананың бокс бөліміне жатқызылды», – деді ол «Хабар 24» арнасында онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.

Қазір облыста эпидемиологиялық және дезинфекциялық екі топ құрылған. Яғни ауру тіркелген ошақта қорытынды дезинфекция жұмыстарын жүргізу мақсатында алдын алу шаралары жүргізілуде.

«Науқаспен қарым-қатынаста болған адамдардың шеңбері – қарым-қатынаста болған 30-ға жуық адам анықталды. Енді оларға іріктеу жұмыстары жүргізіледі. Яғни, жақын және потенциалды қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, 14 күнге стационарға жатқызылады. Біз сақтық шараларын күшейтуіміз керек», – дейді Әлия Әбдіқайымова.

Қызылорда облысында үлкен сауда орнында, дүкендер мен минимаркеттерде, адам көп шоғырланатын орындардың бәрінде дезинфекциялық шаралар күшейтіліп, күніне екі рет жүргізілмек. Көшеге тұрғындар шыққанда міндетті түрде маскамен жүруі керек.

«Біздің беретін нұсқауымыз – үйде қалу, көпшілік болып жиналмау, үйге келетін қонақты азайту керек», – деп түйді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысының тұрғынынан коронавирустық инфекция табылғанын хабаралған болатынбыз.