Жүк көлігі жая жүргіншіні мыжып кетті (видео) / 33?

2019-12-12 08:10:27

 2019 жылдың 10 шілдесінде Қаскелең қаласындағы орталық аурухананың алдындағы жаяу жүргіншілер жолында жантүршігерлік жол апаты болды. Өз жолымен өтіп бара жатқан 52 жасар Ұлболсын Жангированы ауыр жүк көлігі қағып кеткен. Өкінішке орай сол кезде қозғалған қылмыстық іс әлі де сотқа жетпеген. Жәбірленуші тарап Kaskelenkz-тен жәрдем сұрады. 

Тас түскен жеріне ауыр дегендей, жарты жылдан бері бір әулеттің күлкісі азайып, күрсінісі көбейген. Отбасының тұңғышы Құндыз сол күннен бері әділдік іздеп әбігер болып жүр. Редакциямыздан көмек сұраған көпбалалы ана сот ісінің айлап орнынан қозғалмағанына наразы. Әрбір келген сайын «қатырамыз» деп арқасынан қағып жіберетін полиция қызметкерінің жауапсыздығына әбден тойған ол енді куәгерлерді өзі іздеп табуға мәжбүр. 

Апатты жағдайдан соң 52 жастағы әйелдің өмірі күрт өзгерді. Бір орында отырмай үнемі қимыл-қозғалыста жүретін бес баланың анасы бір-ақ күнде төсекке таңылды. Жарты жылдан бері жан қиналысымен арпалысып келе жатқан ана ол күнді әлі де қорқынышпен еске алады. 

Көрген түстей болған оқыс оқиғаның қалай болғанын өзі де түсінбей қалған. Тек жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқанда тоқтап тұрған жүк көлігінің жүріп кеткенін, зілдей дөңгелектің тас жол үстінде сүйреу бара жатқанын біледі.

Аналарының ауыр халі балаларының жанына әбден батқан. Отағасы Абай теміржолда жол серік болып жұмыс істейді. 15 күн үйде, 15 күн түзде. Қарапайым ғана ғұмыр кешіп жатқан отбасы. Мына шағын баспананы өз қолдарымен тұрғызған. Қазір екі ұлы бала-шағасымен, ата-анасы, кенже қызы, немерелері барлығы оншақты адам аядай үйді паналап отыр. Тек үлкен перзенттері Құндыздың ғана үй-жайы бөлек. Дегенмен, апат болғаннан бері төрт баласын жетектеген ол күнде тәңертең анасының қасынан табылады. Қыз – тілекші, жанашыр деген рас қой. Іштегі уайым сыртқа көздегі мөлдір тамшылар арқылы ақтарылды.

Одан бергі әр күнде бастан өткеретін азабын Ұлбосын апай дұшпанына да тілемейді. Ауырғанды басатын дәрілердің бүгінде күші жетпейтін болған. Тіпті көзбен көрудің өзі бойыңа үрей ұялататын ауыр жараның жазылуы әлбетте қиын. Тас жолға жаншыла сүйрелген сол аяқтың бұлшық еті езіліп түсіп қалған. 

Бұл жағдайды бақылауға алған соң, істің не себепті осыншалықты созылып кеткенін зерттедік. Тәжірибелі мамандардың пікірін сұрадық. Біз анықтаған көп кемшілік кеудеге күдік ұялатты. 

Ұлбосын Жангированы қаққан 1968 жылы туған азамат. Қаскелең қаласының тұрғыны.  Қазіргі таңда ҚР ҚК 345 бабы, 2 бөлімі бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Бірақ, тәртіпке сай, қозғалған іс 1 немесе ары кеткенде екі ай ішінде сотқа тапсырылуы керек. Ал, көлік апаты болғалы міне, 6 айға жуықтаған. 

Білікті қорғаушының да көңілі осынша мерзім ішінде жүргізілген тергеу амалдарына толмаған. Тіпті сол күні жаяу жүргіншіні қаққан көлікке қатысты тиісті сараптама да жасалмаған. Сонымен қатар ол көлік айып тұрағынан қандай негізде шығарылып, сот ісі бітпей неге иесіне қайтарылғаны да белгісіз. Апат болған  кезде жүргізушінің құжаттары толық болды ма жоқ па деген сауалға нақты жауап таппадық. Оқиғаның куәгерлері де іздестіріліп, жауаптары тігілмеген. 

Бұл ретте анықтаушы Линнар Коппергеновтың бұл қызметке  жақында ғана орналасқан жас маман екенін айта кеткен жөн. Яғни, жеткілікті тәжірибесі болмай тұр. Дегенмен, істі анықтаушыларға тапсырар кезде бөлімше басшылығы оның күрделілігін ескеріп, жұмыс барысын қадағалауға алмай ма деген ой туды. 

Тағы бір ескеретін жайт, Ата Заңымыздың 83 бабында және "ҚР Прокуратура туралы" Заңында прокуратура органдарының құзыреттілігі белгіленген. Яғни, ҚР Прокуратура органдары мемлекет атынан республика аумағында заңдардың, Президент Жарлықтарының және басқа да нормативтік құқықтық актілердің дұрыс және толық жүргізілуіне, сондай-ақ адамдардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына бақылау жасайды, қылмыстық және әкімшілік соттарда мемлекеттің мүддесін қолдайды және заңда көрсетілген тәртіпте қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. Ал, мына жағдайда, өкінішке орай, прокуратура тарапынан іс мерзімінің ұзартылуына қатысты бір де бір нұсқау, ешбір қадағалау жоқ. 

Қарапайым отбасының бүгінде тапқан-таянғаны түгелдей төсекке таңылған ананың еміне жұмсалуда. Алмаған несиеміз, кірмеген қарызымыз қалмады дейді жәбірленуші тарап. 

Әр таңын аурумен арпалысып атырып, әр күнін ертеңім не болады, өзім  бұрынғыдай жүріп-тұра алам ба деген уайыммен батырып жатқан әйел осының барлығы қорқынышты түстей болып тез өтіп кетсе екен деп армандайды. 

Жақында ғана, қарашаның бесінде кезекті туған күнін атап өткен Ұлболсын Жангироваға балалары ерекше сыйлық тарту етті. Оның бұл ауыр жарақатқа дейінгі түскен суреттерін жинақтап, портрет жасап берді. Түпкі мәні түсінікті. Анамыз бұрынғыдай жайнап, жадырап ортамызда жүрсе екен деген періште көңіл, балалық ізгі ниет. Әлбетте, ана арманы да сол екені анық... 

Ал, бұл жағдай, істің сотқа жетуі барлығы қаскеленкз бақылауында болады.