100 мың теңгенің дауы: Алматы ауруханасының хирургі жұмыстан кеткені белгілі болды

2024-04-24 08:29:27

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Гүлнәр Асанова атты әйел қызына операция жасату үшін Алматыдағы Қалқаман шағын ауданында орналасқан аурухананың дәрігеріне 100 мың теңге беруге мәжбүр болғанын айтып, бізге видеоүндеуін жолдаған.  Бүгін редакциямызға Алматы  қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының «№ 7 қалалық клиникалық ауруханасы» оқиғаға байланысты ресми жауабын жолдады.

«Бейнежазбада азаматша  Гүлнар Асанова қызына жасағаны ота үшін қабылдау бөлімшесінің хирургі алғыс ретінде 100 000 теңге талап еткенін айтады. Бейнежазбаны аурухана әкімшілігі көрді және клиниканың  «Пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметі» осы оқиғаға байланысты қызметтік тексеру жүргізді. Сонымен қатар, аурухана әкімшілігіне немесе «Пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметіне» пациенттен немесе оның туысынан тікелей жазбаша немесе ауызша шағым келіп түспегенін атап өтеміз», — деп жазылған аурухананың ресми жауабында.

Хабарламада аталған шағым бойынша талдау  жүргізу мақсатында аурухананың ішкі аудит қызметі Гүлнәр Асанованы шақырған. Бірақ ол келуден бас тартқаны хабарланып отыр. Сонымен бірге ота жасаған хирург-дәрігер жұмыстан өз еркімен кетіп қалған.

«Пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметі» аурухана мен хирург-дәрігер арасындағы еңбек шартының бұзылуы мен бейнежазбадағы шағымданушымен кездесу мүмкін болмағандықтан толыққанды тексеріс жұмысын жүргізе алмады», — дейді ресми жауапта.

Еске салайық, Гүлнәр Асанова қызының соқырішегіне ота жасағаны үшін дәрігердің «рахметіңді бер» деп 100 мың теңге сұрағанын айтқан болатын. Ол ақ халаттылар халықтан ақша бопсалағандарын қоймай отыр деген еді. «Бұған қандай жаза бар, беретін ақшасы жоқ адам өле бере ме?» деп жанайқайын жеткізген ол.